«Туған жердің тарланы»
19.06.2026
19 маусым күні Е. Өмірзақов атындағы Жастар сарайында ақын, жазушы, драматург, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Қожаұлы Шаяхметтің 75 жылдық мерейтойына арналған «Туған жердің тарланы» атты шығармашылық кеш өтті. Іс-шараны Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы ұйымдастырды.
Кешке зиялы қауым өкілдері, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, әдебиетшілер, студент жастар, курсанттар, әскери қызметшілер және қала тұрғындары қатысты.
Мерейтой иесін Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов құттықтап, оның қазақ әдебиеті мен өңірдің рухани мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. Сондай-ақ ақын Ұлықбек Есдәулет пен Ресей, Әзербайжан және Қырғызстаннан келген қонақтар да жылы лебіздерін білдірді.
Кеш барысында Қазақстанның мәдениет қайраткері Арыстан Құрманов пен облыстық филармония әртістерінің орындауында Ақылбек Шаяхметтің өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, Қостанай облыстық қазақ драма театрының әртістері театрландырылған қойылым ұсынды.
Іс-шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Туған жердің тарланы» кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Әдебиет пен өнер тоғысқан тағылымды кеш көрнекті қаламгерге деген зор құрметтің айқын көрінісі болып, қатысушыларға ерекше әсер мен рухани шабыт сыйлады.