«Тамыры терең тұлға»
06.02.2026
06 ақпанда Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында орман шаруашылығы инженері, журналист, аудармашы, ақын және педагог Құрманғалиев Жақсылық Серікбайұлына арналған «Тамыры терең тұлға» кітабының тұсаукесері өтті. Кездесудің бастамашысы басылымның идеялық авторы болып табылатын қызы Құралай Құрманғалиева болды.
Оның айтуынша, кітап – Жақсылық Серікбайұлының өмірі мен еңбегіне арналған, шын жүректен шыққан естеліктер жинағы. Басылымда оның орман туралы дәрістері, табиғатты тірі ағза ретінде қарастыру керек екендігі туралы терең ойлары, газет мақалалары мен әртүрлі жылдардағы сұхбаттары, өмірінің әртүрлі кезеңдерін бейнелейтін фотосуреттер, алғаш рет жарияланған өлеңдер жинақталған.
Кәсіби жұмысында ғылым мен өндірісті қатар алып жүрген Жақсылық Серікбайұлы өзінің 35 жылын орман шаруашылығына арнады. Оның басшылығымен 4000 гектардан астам орман алқаптары отырғызылды, бұл ел экологиясының дамуына қосылған үлкен үлес болды. Ол сондай-ақ журналистика саласында белсенді жұмыс істеді, газетте 15 жыл қызмет етті, өз мақалаларында ауыл және орман шаруашылығының, табиғатты қорғаудың өзекті мәселелері мен жетістіктерін атап өтті, осы саланың еңбеккерлері туралы жазды.
Жүзден астам өлеңнің авторы ретінде Жақсылық Серікбайұлы әдебиетте де елеулі із қалдырды.
Іс-шараға Жақсылық Серікбайұлы Құрманғалиевтің әріптестері, достары мен туыстары, сондай-ақ қаланың шығармашыл зиялыларының өкілдері қатысты.
Көрермендер үшін көрнекті жерлесімізге арналған фильмнің үзінділері көрсетіліп, қызының әкесіне деген құрметі мен ризашылығының белгісі ретінде «Әке» әні шырқалды.
Сөз сөйлегендердің барлығы Жақсылық Серікбайұлы Құрманғалиевтің өмірі мен қызметі қоғамға қызмет етуді, кәсіби еңбек пен шығармашылық жұмысты ұштастыра білудің жарқын үлгісі болып табылатынын атап өтті.