6 шілде – Астана күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі болып табылады.
Өлкетану әдебиеттері бөлімінде Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Елбасы елінің тірегі, Астана елімнің жүрегі» кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Астана – 10 жыл ішінде тұрғызылған ХХІ ғасырдағы жалғыз астана, ал Қазақстан – екі ғасырдың тоғысында жаңа астана тұрғызған жалғыз ел. Осы жыл ішінде астана ел тәуелсіздігінің және мемлекет басшысы бастамаларының жемісті жүзеге асырылуының белгісі болды, Қазақстанның қоғамдық-саяси және мәдени өмірінің орталығына айналды. Қазіргі кезде бұл Шығыстың үздік дәстүрлері мен Батыстың заманауи үлгілерін біріктірген өзіне тән архитектуралық стилі бар қала. Осы уақыт ішінде қала өмірінде орын алған өзгерістер кез келген адамды өзінің көлемімен және орындалуымен таңдандырады.
«Астана – Қазақстанның жаңаруының белгісі, оның көп ұлтты халқының сарқылмайтын жасампаздық күш-қуатының белгісі. Бұл бостандық алған ұлттың өзінің гүлденген болашағы мен ұрпағының болашағына деген үмітінің және сенімділігінің белгісі», - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразия жүрегінде» кітабында.
Осы кітаппен және Астананың тарихы мен оның көрікті жерлері туралы жазылған көптеген басқа басылымдармен біздің көрмемізден танысуға болады.